ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛ, ТҰТЫНУШЫ

259

 

Көп жағдайда тұтынушылардың құқығы заңды білмегеннен аяқасты болып жатады. Ал мұндай жағдайда тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы ұйым барын ескерген жөн. Бүгінде аталған ұйым тұтынушылардың құқығын қорғау үшін заңнамаларды жетілдіру үстінде. Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бақытжан САЛХОЖАЕВ баяндады.

Бақытжан Мадыханұлының сөзінше, осы жылдың 8 айында департаментке 11 сала бойынша 1 205 шағым келіп түскен. Тұтыну құқығын талап етушілердің дені сатып алу кезінде заң бұзылғанын алға тартқан.
–Осы арыз-шағымдардың 245-і бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 892 шағым қанағаттандырылып, тиісті жұмыстар атқарылды. Қалған 46 өтінішке хат арқыла жауап беріліп, 2-і кері қайтарылды. Ал, 20 ұсынысты қарау мерзімін келесі айға қалдырдық, – деді спикер.
Департамент тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жыл басынан бері жоспардан тыс 10 тексеру жүргізіп, барлық кәсіпкерлік нысанда заңбұзушылықтың орын алғанын анықтады. Оның ішінде 4 нысанға 336 900 теңге айыппұл салынса, 6 нысанға ескерту беріліпті.
Спикер өз баяндамасында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша бірнеше жекелеген фактілерге де тоқталып өтті. Өкінішке қарай, қаламызда бизнес қауымдастық арасында әлі де болса тұтынушылардың құқықтарын қорғауға көңіл бөлмей, заңды өрескел бұзатын кәсіпкерлер де жетерлік.
Солардың ішінде «Aster avto» мен «QAZ AUTO Company» автосалондары, «Rotang group» жиһаз фабрикасы және SKAT әуе компаниясы бар.
–Аталған компаниялар тұтынушылық дауларға немқұрайлы қарайды. Мәселен, «QAZ AUTO Company» автосалонынан М деген азаматша осы жылдың наурыз айында 2019 жылғы КИА К5 автокөлігін сатып алған. Арада 3 ай өтіп, көлікті қайтадан сатпақ болғанда, сатып алушы көлікті Вин коды арқылы тексертіп, аталған көлік 2019 жылғы емес 2016 жылы шығарылғаны анықталған. Тұтынушы автосалонға барып шағымын айтып ауыстырып беруін сұрағанда, мекеме басшылығы ауыстырудан немесе қаражатын қайтарудан бас тартқан. Аталған іс бойынша қазіргі уақытқа департамент тарапынан сотқа дейінгі әкімшілік-құқықбұзушылығына қарап тексеру шаралары жүргізуде. «Aster avto» автосалонында да осыған ұқсас жағдай орын алған. Тұтынушы жаңа көлік сатып алған, алайда, сатып алған автокөлігі, келісім — шартта көрсетілген талаптарға сай келмейтіні анықталған. Азамат автосалонға шағымданғанымен тұтынушының арызына мүлдем жауап қатпаған. Осылайша мекеме тұтынушылардың заңды құқықтарын әрдайым бұзып отырған, -дейді ол.
Департамент тарапынан аталған автосалонға тұтынушылардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Әкімшілік құқық-бұзушылық бойынша 3 ескерту беріліп, айыппұл салынған.
Қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер өз өнімдерін жарнамалау үшін әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Өйткені, бұл сатылымды арттырудың тамаша мүмкіндігі. «Rotang group» жиһаз фабрикасы өз өнімдерін инстаграм желісі арқылы үнемі жарнамалап отырған. Жарнамасына қызыққан Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны құны 1 млн. 600 мың теңгенің жиһазына тапсырыс беріп, келісім — шарт бойынша төлемді алдын ала жасаған. Өнеркәсіп өнімдерін 10-15 күнде жеткізетіндігі туралы келісім — шартқа қол қойылған. Алайда, фабрика иелері келсім — шартта көрсетілген міндеттерді әр түрлі себептермен орындаудан бас тартып, тұтынушы 6 айдан соң электронды «е-Tutynushy» жүйесіне арыз — шағымын жолдаған. Нәтижесінде департамент тарапынан жиһаз фабрикасына бақылау және түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Осылайша тұтынушылық дау оң шешімін тауыпты.
–Тұтынушыларға айтарымыз, сатушымен қандайда бір келісім-шарт жасаған сәтте құжатты мұқият оқыған соң ғана қол қойыңыз. Әділетсіз сатушылар мұндай мүмкіндікті тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктен жалтару үшін пайдаланады. Өйткені, көптеген дүкендер өздерінің желідегі парақшаларында нақты мекенжайы мен телефонын көрсетпейді. Салдарынан тұтынушыларға тауарларды қайтаруды қиындатады, — деп түйіндеді Бақытжан Мадыханұлы өз баяндамасын.

 

«Шымкент келбеті»