ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ БАНКПЕН РАСТАЛҒАН АЗАМАТТАР ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫНА ӨТІНІМ ЖІБЕРЕ АЛАДЫ

10

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау шілде айының 26 жұлдызынан басталады. Сонымен қатар, тұрғын үй сертификатына құжаттарды қабылдау онлайн жүйеде жүзеге асырылмақ.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспаналы болуға ниет білдірген азамат төлем қабілеттілігін растау туралы банктің хаты және соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы шекті мөлшерден аспаған жағдайда (оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаса) тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.
Осы жерде айта кететін жәйт, отбасының жиынтық табысы ретінде — отбасы мүшелерінің расталған кіріс табысы есептеледі.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша тұрғын үй алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылатын әлеуметтік көмек ретінде беріледі.

Айта кету керек, тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдауға арналған «www.кezekte.kz» интернет ресурсы шілде айының 26-нан бастап автоматты түрде іске қосылады. Аталған интернет портал іске қосылғанға дейін өтінім қабылдау жүргізілмейді.