«Шеге қаға алмайтын ұл өсіп келеді»

367

Ата-анаға баласының Отанын сүйетін кемел және бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуі үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылған «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі де еліміздің ата-ана болған әр азаматын осы ниетке жұмылдыру жолында керекті шараларды ұйымдастырып жүр. Бірлестіктің Шымкент филиалының басшысы Асқар Көпеевтің де пікірін білдік.

– «Әкелер күні» деген атаулы күннің пайда болуы — құптарлық дүние. Бұл — беделі түскен әкелердің отбасының алдында азаматтық қадірінің артып, абыройының асқақтауына төте жол болмаса да, сол жолға апарар көп амалдың бірі. «Болашақтың іргесін ұстар саналы ұрпақты қалай тәрбиелейміз?» деп шарқ ұрып жүрген бүгінгі тұста әке тәрбиесі балаға ауадай қажет. Өйткені, нарықтық бәсеке артқан, руханиятымыз әлсіреген мына заманда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналып тұр. Шекарамыз шегенделді десек те, интернет желісі іске қосылғалы жан-жақтан ағылған ақпарат көздерінен малтығып шыға алмай қалғанымыз сонша, отбасы институтының ұлттық бейнесі құлдырауға айналғаны — ащы шындық. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кеткені де бар. Балабақша, мектеп, университеттегі тәлім-тәрбие әйел адамдардың қолында. Әлжуаз бозбалалар шеге қағу, балға ұстау, шұрып бұрау, атқа міну сынды еркек атқаратын қарапайым шаруалардың өзіне ебі жоқ. Әке тәрбиесін көрмеген бала ертең балғаның орнына ара әкеліп тұрса, таңғалмаймыз. Бұл — қазіргі қоғамдағы әке-шешенің отбасында жіберіп жатқан өрескел қателіктері. Баланы өзімен бірге ертіп жүру, шамасы жетпейтін шаруа болса да жай ғана қарап тұруға қалдыру, көлік жуғызу, анасы мен қарындастарына ауыр заттарды көтертпеуге үйрету, тағы да басқа ұсақ-түйек елене бермейтін әдістер – ертеңгі күні жеміс беретін тәрбие бастаулары.

Ата-бабамыз бала тәрбиесіне ешқашан немқұрайлы қарамаған. Алты жасында аңға ертіп, он жасында оқ жондырған әке тәрбиесі биік рухтың, біртұтас тұлғаның берік діңгегі болған емес пе? Өзіміз де солай ержеттік. Ал, қазір неден ұтылдық, ойлай беріңіз. Иә, отағасы шаңырақтың иесі болғандықтан отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету – басты міндеттерінің бірі. Бірақ сол міндеттерін міндетсінудің қажеті жоқ. Материалдық байлықтан да жоғары – отбасы құндылығы бар екенін естен шығармауымыз керек. Осы олқылықтың орнын толтыру жолында қандай мақсат-міндеттер мен жобаларды басшылыққа алған жөн деген мәселелер төңірегінде қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі әр іс-шарада әке тәрбиесінің өзектілігін ашып көрсетіп келеді. Құрылғанына жылдан асқан ұйымның бүгінде баланың бағбаны «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолында толымды нәтижелері бар. Ол үшін мәнсіз-маңызсыз «Күлтөбенің басында күнде жиын» жасамай, заманның ағымына сай әдіс-тәсілдерді қолдануды да ескерген. Бір ғана Шымкент филиалының өзінде әкелерді бала өмірімен араластыру, баламен сапалы, саналы уақыт өткізудің жолдарын көрсету бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала мектептерінде өткен семинарларға тек әкелерді шақырып, оларға тәрбиелі, саналы, парасатты ұрпақ ертең өзінің атын шығаратынын естеріне салуға тырыстық. Өйткені қазақта тек деген дүние бар, ісіне тәнті болған балаға «тегі жақсы екен», «тегіне тартқан» деп сүйсініп жатуы бекер емес. Яғни, әкенің қанымен берілген тәрбие бірінші айтылады. Әке тәрбиесін көрген перзент батыл болады, тағдырдың соққысына сынбайды, қиындыққа төзімді болады. Сондықтан бала үшін ісі де бар, тісі де бар, білегі де бар, жүрегі де бар әке тәрбиесінің орны орасан. Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы екенін ұқтыратын мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүріндегі әкенің рөлін арттыру, беделін көтеру мәселесін жұмыла көтергеніміз жөн деп ойлаймын, -деді кейіпкеріміз.