Алаштың Көпені
Туған халқы үшін шынайы тәуекелге баратын жандар өмір керуенінде көптің көзінде жүреді. Ондай жандарға жақсылар да жанасады. Ел ырысына айналу үшін ер азамат қандай салада еңбек етсе де міндетіне айнымастай адалдығы оның айбыны іспетті. Сөз жоқ, мұндай жүкті тек парасатты адамдар ғана көтере алады. Өзінің жүріп өткен өмір жолында өнегелі істерге ұйтқы болып жүрген сондай жандардың бірі – бар саналы ғұмырын сатира саласына арнап, бүгінде де бұқаралық ақпарат құралдарында қоғам тынысын тап басатын парасатты ой қозғап жүрген қазақ сатирасының сардары, белгілі жазушы Көпен Әмірбек ағамыз.
Көпекеңнің балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарға дөп келді. Бұғанасы бекімей ауыр жұмыстарға араласқан балаң жігіт ерте есейді. Ең бастысы, ол білімге құштар еді. Сол құштарлығы оны биіктерге жетеледі.
Көпен ағақазақтың марқасқалары туған қасиетті топырақ – Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тумасы. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін жақсыға тамамдаған соң еңбек жолын қатардағы тілшілік қызметтен бастайды. Алматы қаласы жас маманды небір армандарға жетеледі.
Қызмет жолын қысқаша шолып шықсақ, саясисатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактор, ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында Бас редактор болыпп қызмет істеді. Қазір саяси-қоғамдық сатиралық «Ара» kz журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы.
Ал «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы, сондай-ақ өзі құрған «Көпен келе жатыр!…» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылғаны өз алдына бөлек әңгіме. Орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың мысал-мысқылдары мен лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек әзілкеші Абдулла Қаһардың бірсыпыра сықақ өлеңдерін қазақ тіліне аударды. «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Мың бір мысал», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?», «Көпен келе жатыр!…», «Із», «Көкемнің көзі», «Па, шіркін, пародия!…» атты әзіл-сықақ, сын мақалалар кітаптары қазақтың рухани айналымына қосылған құнды еңбектер.
Көпен аға қатардағы тілшіліктен бастап, журналистика мен мемлекеттік лауазымды басшылық қызметтерге дейін өсті. Қазақ радиосына бас редакторлық еткен уақытта ағамен жақын танысып, талай тағылымды әңгімелерін есту мүмкіндігі туған еді. Бізге әділ басшы бола білген ағаның бірде былай дегені бар:«Журналист мамандағы өзгеге ұқсамайтын, өзіндік өлшемі бар мамандық. Ол қоғамға, адамға қызмет етеді. Журналист әркез жақсылықты қолдаушы, жаңаны жақтаушы мен жаршысы. Білім мен қабілетті қару еткен журналистер қызметі ауыр әрі ардақты. Міне, осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін».
Ардагер журналист ағамыз өзінің еңбек жолында бірнеше шығармашылық ұжымға басшылық жасап, беделге ие болған жан. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері жәнеОңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Президент гранты мен сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты сынды атақ-абыройлары лайықты еңбегіне берілген баға. Зейнет демалысына шыққаннан соң да Көпекең қарап отырмады. Талай ұлтқа қажетті жұмыстарды ұршықша иірді. Кезінде жабылып қалған «Ара» журналын қайта ашып, қазақ сатирасының қайта түлеуіне көп тер төгіп, зор еңбек сіңірді. Талай тарланбоз қаламгерлеріміздің тарихта алар орнын айшықтайтын кітаптардың жарық көруі мен ғылыми-тәжірибелік конференциялардың, түрлі бәйгелердің өтуіне мұрындық болды.
«Шынайы сатириктің айтар шындығы басым. Ол қоғамдық сананың қалыптасуына күш салады. Ұйқыдағы ойды оятып, өмірдегі өзекті мәселелерге үңіледі. Сырт көзге үстірт қараған адамға сатириктің жазбалары жеңіл көрінуі мүмкін. Мүлде олай емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін кәделі кәсіптің шынайы көрінісі көп. Сондықтан да ол керек десе қоғамдағы маңызды мамандықтардың санатында» — дегені бар еді ағаның.
Көпекең алдымен еңбекқор жан. Жайшылықта –жайсаң, ал, қайшылықта – қайсарлық танытады. Ол ешкімге жоғарыдан қараған емес. Тектілігі бүкіл болмысынан байқалып тұрады. Бір қарағанда, тым қарапайым көрінгенімен, намысы қызған кезде тұлпардай тулайды. Өйткені, оның өскен орта, өнген шаңырағы осал емес-тін. Қызмет бабында шыңдала, қайрала түсуіне септескен де сол ортасы екені анық.
Көпекең қай жерде қызмет істесе де мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары қойды. Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Жалпы мемлекеттік тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру бұл бұқаралық іске айналғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. «Тіліміз құрып кетті, құрдымға батып жатыр» — деп отыра бермей, оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Тілді насихаттауда, үйретуде, оны жүзеге асырудың озық әдістемесін жасау қажет» — дейді ардагер журналист.
Байқағанымыз, Көпен аға ұдайы ұлтжандылық ұстанымынан танбай келе жатқан азамат. Осы елге, жерге пайдам тисе екен деген жанашырлығы, іскерлігі, шыншылдығы, принципшілдігі оның бүгінде көпшіліктің ілтипатына бөлегені анық.
Қанға сіңген қасиеттер нағыз тұлғаларды тудырады. Сол тектіліктен тамыр тартқан қасиет Көпекеңнің де парасаттылығын пайымдатып, ұлт руханияты жолындағы ісін өрге жүздіріп келеді. Бүгінде жетпіс жасты алқымдаса да өмір ұстанымынан тайған емес. Серт, аманат деген парыздарға аса парасаттылқпен қарайды.
Біз зады тегіне қарап темірқазығын бағдарлайтын, арғы атасына қарап арқа жонын аңдайтын қазақпыз. Қанмен келіп, сүйекке сіңген дегдарлыққа дау айтпаған қазақпыз. Көпен ағаның да бойындағы жақсы қасиеттердің қайнар бастауы бабаларының қанымен жалғасып, анасының ақ сүтімен астасып жатқаны анық. Тегеуірінді тектілік қашан болмасын ерте ме, кеш пе, тепсініп шығатынының көрінісі іпетті, бүгінде Алаштың Көпеніне айналды!