Отбасындағы теңдіктің тағы бір алғышарты жылы сөз айту
Түркістан облысының тұрғындарының назарына ақпараттық сайтымыз арқылы барлық азаматтардың өзара құрмет және теңдік құндылықтары жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Отбасындағы теңдіктің тағы бір алғышарты жылы сөз айту. Әйелдің беделін көтеру. Жанұяда анасына айтылған жылы сөз, мақтау-мадақтауды көріп өскен баланың да мінезі ашық, жайдары болады. Ұл бала болашақта әйелін сыйлауды, құрметтеуді үйренсе, қыз бала бойына сенімділік, сұлулық, ізгілік сынды асыл қасиеттерді жинайды. Жақсы сөз жан семіртеді дейміз. Әйелдерімізге, аналарымызға айтылған әрбір жақсы сөз олардың көңілін асқақтатып, ісін өнімді етеді, ырысын кеңейтеді, мейірімін оятады. Мұндай аналарымыз ұрпағына да ұлағатты тәрбие береді. Ал күні бойы күйеуінен зәбір көрген келіншек бірінші кезекте өкпесін өсіп келе жатқан баладан алады. Көңілі жамау әйел үйдегі баласын ұрып-соғып, санасын улайды. Сондықтан үйдегі тыныштық, береке де ер азаматтың әйелге құрметінен басталады.
Отбасындағы теңдіктің келесі мысалы әке мен ананың бала тәрбиесіндегі орны. Ана құрсағынан басталған тәрбие әкенің өнегесімен жалғасуы тиіс. Баланың бойындағы өр мінезділік, өжеттілік, мәрттік сынды қасиеттер әкеден жұғады. Тірлікпен түзде жүрген еркектер мұны естен шығарып жатады. Баласы бір нәрсе бүлдіріп, теріс қылық көрсетсе анасына «Балаңа қарамайсың ба», «Cенің тәрбиең», «Қайда қарап жүрсің» деп дауыс көтеретін жағдайларды құлағымыз жиі шалады. Бұл әйелдің мойнына үлкен жауапкершілік арту. Себебі ұрпақ тәрбиесіне ана мен әке бірдей атсалысуы тиіс. Қанша дегенмен әкенің мысы, жолы деген бар. Қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп те сол себепті айтса керек.
Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мыңдаған қыздарымыз күнде зомбылық құрбаны болып жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының 2017 жылғы мәліметтері бойынша әлемдегі әр үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Әйелдің табиғаты әлсіз. Түк істемеді дегеннің өзінде ер адам жай ғана қол жұмсай алады. Ал ол әйелдің жанын жаралап, еңсесін басатынын ескермейміз. Өмірге көзқарасын өзгертіп, арманынан айырады. Қыздарымыздың ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып, өмірге ұмтылысы, махаббаты, сезімі өшеді. Бұл да әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орнын төмендету.
Бүгінгі күні заң, құқық тарапынан ер мен әйелдің арасында теңдік бар. Ол тұрғыда түрлі дүние жасалып та жатыр. Қыз-келіншектеріміздің сұрайтын теңдігі — ішкі, рухани, жан дүниенің теңдігі, ер азаматтардың әр істе «сенің қолыңнан келеді» деп қолдау көрсетуі. Өкінішке қарай, әйелдеріміз сол қолдауға зәру. Ерлердің санасы өзгеріп, қыз-келіншектерге танытар мәдениеті өссе әйел тау қопаруға дайын. Жұмысына да, отбасының шаруасына да, бала тәрбиесіне де қыз келіншектер үлгереді. «Әйел қырық жанды» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Отбасын сақтауға келген кезде де осы әйелдердің төзімділігі, көнбістігі, шыдамдылығы жеңіп жатады.