Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері

66

Түркістан облысының тұрғындарының назарына қазіргі күнде елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік мәселесін оңтайлы түрде шешу һәм тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып жатқандығы бойынша ақпараттарды ұсынамыз. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодексте егжей-тегжейлі баяндалған. Былтырғы шілде айында қабылданған құжат аясында әлеуметтік салаға бірқатар өзгерістер енді. Атап айтқанда, отбасын атаулы және әлеуметтік қолдауға елеулі назар аударылып, жалпы халықтың өмірін жеңілдетуге тиіс басқа да көптеген өзгерістер қарастырылған. Мәселен, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту үшін қосымша атаулы шаралар қарастырылып, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету үшін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жіті назар аударылмақ.

Елімізде түрлі салалардағы ерекше қажеттілігі бар дарынды жандарды қолдап-қуаттау мақсатында «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығы бірнеше жыл қатарынан үздіксіз беріліп келеді. Аталған премия «Спорт саласындағы аса үздік жетістіктері үшін», «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін», «Күшті жігері және жеңіске талпынысы үшін», «Мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері үшін», «Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» және «Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін» аталымдары бойынша тағайындалады. Арнайы сыйлыққа өтінімді I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар адамдардан тұратын, қоғамдық-мәдени өмірге белсенді қатысатын ұжымдар бере алады. 17 жыл ішінде «Жан шуақ» көптеген талантты жандар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жетістікке жетуіне дәнекер болды. Жыл сайын сегіз бағыт бойынша әрбір жеңімпазға 1 миллион теңге көлеміндегі ынтыландыру марапаты беріледі.

Филантроп Джон Рокфеллер «Мен әрқашан кез келген сәтсіздікті мүмкіндікке айналдыруға тырыстым» деп пайымды пікір білдірсе, неміс философы Освальд Шпенглер «Өмір сүру дегеніміз – өз мүмкіндіктеріңді жүзеге асыру» деп орнықты ой айтыпты. Адамзаттың ақылманына айналған тұлғалардың ұлағатты сөздерінен бір нәрсені анық аңғарамыз. Ол – тағдырдың теперішіне мойымай, тығырықтан шығар жол таба білу. Сынақтарға сүрінбей, өз мүмкіндігіңді бағамдап көру. Өмір осынысымен құнды, осынысымен қызықты.