Мемлекет мүмкіндігінше масылдармен күресуде

49
Төлеби ауданында масылдықты төмендету, яғни тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар жыл сайын беріліп келеді. Биыл да қайтарымсыз грант  берілді. Бұл жұмыстар Мансап орталықтары арқылы іске асуда. Бұл жоба арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа қайтарымсыз гранттар беріліп, кәсіптерін бастауға мүмкіндік беріп отыр. Грант қаражатын ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтарға бизнесін іске асыруға, өндірісті дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жобаға қатысып, грант жеңімпазы атанғандардың бірі Мақашева Айжан Төребекқызы. Айжан Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны, көп балалы ана. Грантты ұтып алу үшін «Тоқылған кілемше» жобасын ұсынған. Комиссия отырысында ерекше жоба ретінде танылып, оң шешімін алды. Қазіргі таңда осы бизнес жобасы табыс көзіне айналып, бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек», – деді Мемлекет басшысы.
«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»,– деп абыз Абай атамыз толғаса, Ахмет Яссауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген екен. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі де аса қауіпті. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға қосылу, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну сынды әрекеттер не істерін білмей, бос сандалып жүретіндердің арасында жиі кездеседі екен.