Шөмішбай САРИЕВ: «ОЗБАУ ҮШІН КӨЛЕҢКЕМ КҮНГЕ ҚАРАЙ ЖҮРЕМІН!..»
Қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналған редакцияға бас сұққаным сол еді, іле-шала акын Шөмішбай Сариев кіріп келді де, журналистермен жапатармағай амандасты. Сосын кідірместен Сәбеңнің қызық әңгімесін ағытты.
Күндердің күнінде Сәбит Мұқанов бір топ жас қаламгерлерге бұрылып кеп амандасса, сықақшы Садықбек Адамбеков:
– Ой, Сәбе-ау, – депті қысылып, – үлкен басыңызды кішірейтіп амандасқаныңыз не? Өзіміз тұрып сәлем береміз ғой.
Сонда Сәбең:
– А-а-ай, антұрғандар-ай, амандаспай өтіп кетсеңдер қайтем? – депті. «Сәбеңнің көзін көргеміз ғой, өзім келіп арнайы амандасып жатқаным да сол!» деп Шөмішбай ағам желең әзіл аңғартты да, шақыру билетін үлестірді. Сәуір айының 15 жұлдызында алпыс жылдық мерей тойына орай өнер жұлдыздарының қатысуымен «Қос қанат: Ақын – Композитор – Әнші» атты шығармашылық кеші Республика сарайында өтеді екен.
– Шөкең туралы жазасыз ба? – деді бас редактордың орынбасары Ғалым Жайлыбай бауырым маған бұрылып.
Ойланып қалдым. «Несі бар, жазсам жазам» дедім. Адам құдықты да су шығатын жерден қазады ғой. Қазып көрейін. Шөкеңңің айтары бар ақын, бірден келістім. Университетте менен екі курс жоғары оқыған Шөмішбайдың кескін-келбеті мен самай сақалына қарап атын атамай «Пушкин!» дейтінбіз. Содан бері шығармашылық жолдарын, оның ойы мен қырын бір кісідей білетін сияқтымын.
– Қалай әңгімелесеміз? – дедім.
– Біздің саяжайға барайық! – деді Шөмішбай ағам.
… Саяжайға тарттық. Жол-жөнекей «Алтын Орда» жәрмеңкесіне кідіріп, бір түп жеміс ағашының көшетін сатып алдық.
– Шөке-ау, жалғыз ағаш орман бола ма, көбірек алмайсыз ба көшеттен? – деп қолқаладым. Жауап ретінде «Елуде – елуінші ағаш ектім» деген өлеңін жатқа оқыды.
Өткен күн терең батып қалды мұңға,
Естелік – өлең болар бар ғүмырға.
Бір ағаш отырғызып жүрдім әркез
Белгі етіп туған күннің әр жылында.
Түсіндім. Үндемедім. Іштей «Е-е, мынау бір еске тұтатын ерекше дәстүр екен- ау?» деп түйдім.
Қаланың іргесіндегі саяжайы бір қарағанда санаторий секілді. Кавказдықтардың құз-жартасқа орналастырған ғимараттарына көбірек ұқсайды. Осының өзі-ақ талғампаздығын аңғартқандай. Үйге кірместен қолына кетпен-күрегін ұстады. Әлгі әкелген әлжуаз көшетін құнарлы жерге құндақтап отырғызды да «Бұл менің биыл еккен алпысыншы ағашым!» деп жымиды.
Әуелі Шөмішбай ағаны мөлтек сырға тарттым.
– Е-е, ит жылы туған екенсіз ғой. Шығыс сәуегейлерінің жорамалы бойынша, ит жылы туғандар ең сенімді, орысша айтқанда «верный» болады дейді ғой. Сіз Аралдың қай жеріненсіз?
– Шөміш стансасынан.
– Атыңызды туған жеріңізге байланысты қойған ба?
– Менің шешем – Марияштың тұңғышы Аққыз деген қыз баласынан кейін үш ұл қатарынан шетінеген. «Қарақұсы бар» деп шешемді ешкім шілдеханаға шақырмайды екен. Бір кейуана әжеміз түс көріп: «Атын Шөмішбай қойсаң балаң тұрады. Шөміш – бір әулие атаның аты» депті. Сөйтіп атымды Шөмішбай қойыпты, қазір жеті ағайындымыз. Ол жөнінде өзімнің өлеңім де бар. Былай:
Атымды Шөмішбай деп қойған екен,
Есімім, өзің жайлы ойға кетем.
Ойыммен Аралымды он айналып,
Сырымдай дарияны бойлап өтем.
Атымды қойған екен, теріс демен,
Станция, ел-жұрт бар Шөміш деген.
Көл де бар Шөмішкөл деп аталатын,
Ежелгі ата-жұртқа қоныс мекен.
Қалжыңның оты сөнген жоқ қой әлі,
Әзілдеп құрдастарым от қояды,
«Елді мекен бар екен өз атыңда,
Өле берсең болады» – деп қояды.
Кеудемде – кен-қазынам, қазып көрем,
Жаныма бітпес ойды азық көрем,
Өлеңнің қанатына сол есімді
Туған жерім үшін де жазып келем!
Кейінгі алдыңғыдан аңсар мейірім,
Әзілдеп, білдіргендей кәусар пейілін.
Қояды ағаларым: «Пушкинбай» деп,
Мен енді Шөмішбай боп қалсам деймін.
Ойдың кенін – талайлар қазған шығар,
Өлең-жүрек әуені саздан шығар.
Басқа емес, басқа да емес жазмыш маған
Шөмішбай боп қалуды жазған шығар…
– Сіз осы қаршадайыңыздан фестивальдан – фестиваль қоймай анау ел, мынау елдегі ақындардың алқақотан жиындарына көп қатыстыңыз-ау?..
– Мұхтар Мағауин ағам «Кеңес өкіметінің рахатын көрген Шөмішбай мен Жарасқан» дейтін. Ташкент, Тбилиси, Душанбе, Мәскеу, Ереван, Дилижан, Кутаиси қалаларында өткен поэзия дакадаларына ең жас ақын өкілі ретінде бардым.
– Әдебиетке тәй-тәй басып келгенде тұсауыңызды кім кесті?
– Алғашқы «Балдәурен» кітабыма алғы сөзін Әбділдә Тәжібаев жазып, бата берді. Тұмағаң да, Қадыр ағам да одан кейін бәйге атындай баптап, жас ақындар жинағына енгізді.
– Қанша туындыңыз бар?
– Жиырма шақты кітабым, үш жүзден астам ән-өлеңдерім бар… Ғылым кандидатымын.
– Алған сыйлықтарыңыз?
– Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын Медаль сыйлығы мен «Жыл Адамы – Алтын Адам» сыйлығының және «Платина Тарлан» сыйлығының лауреаты болдым.
– Шөке, ақын-жазушылардың өмірбаянына үңілсеңіз біреуі – инженер, біреуі – дәрігер, енді біреуі геолог болуды қиялдаған. Мысалы, Мұхтар Шаханов ағаңыз жетінші кластан кейін тракторшы болуды армандап, соқа сүйреткен. Қазір кім екенін білесіз. Сіз ше? Алғашқы арманыңыз ақын болу ма еді, әлде?…
– Арал теңізінде туғасын ба, бала кезімде моряк, матрос болғым келді. Жетінші кластан соң кеме мамандарын дайындайтын училищеге түсіп, төрт айдай тулаған толқында кеме айдадым. Сонда Аралға жер аударылған Украинаның ұлы Кобзары Тарас Шевченконың жүрген жерлерімен сапар шегіп, ақындыққа біржола кұладым. Тарас Григорьевич біздің Қамыстыбас, Райым ауылдарында айдауда болған.
– Соно-о-у Украинадан Тарас Шевченко Аралға жер аударылмағанда ақын болмай кетуіңіз мүмкін екен ғой?..
– Жарыктық Тарас ақын біздің елге жер аударылсын, аударылмасын бәрібір ұлы Арал теңізі бізді ақын етпей қоймайтын.
– Хо-ош, ақындықтың арғымағына қаршадайыңыздан қарғып мінгесін қиял құсыңыз шартарапқа шарлап, 27 жас ғұмыр кешкен Лермонтов болғыңыз келді. Одан кейін 37 жасында фәниден өткен Пушкин болсам деп толғандыңыз. Қазір Абай атамның жасындасыз…
– Енді Абай атамыздың жасында бола алмай жатсақ Алла жазса, алдымызда Жамбыл жәкеміздің жасы бар ғой.
Екі өмірдің көпірі, өр өткелі
Өлеңде өзге тұлға, бөлек демі.
Жүз жасаған Жамбылдың әруағы
Қолдасын қанатымнан демеп мені!..
– Негізі, адам баласы алпыстан асқасын артына көбірек қарайтыны табиғи құбылыс. Сондай сәттерде не нәрсені қия алмайсыз?
– Қазір ойласам жүрегім ұшады. Алдымызда Қытай қорғанындай Әбділдә ақын тұрғанда, Қалижан мен Хам-ағаң тұрғанда, Сырбай мен Жұбан ақын тұрғанда, Ғафу барда, алдымыздағы адуын толқын Тұманбай, Қадыр, Сағи, Мұқағали сынды ақындар жүргенде ақын болам деу көзсіз ерлік екен. Бұл сірә, балалықтың әсері. Мен қазір сол бір бал дәурен, балалық шағымның балауса сезімін қимаймын. Балалық сезіммен қоштасу – ақындықпен қоштасу.
Сөйлейді тілден бал тама,
Сөзі де тәтті – түгел бал.
Түспеген әлі картаға
Балалық атты бір ел бар!
– Сол ағалардың атын байлап, кебісін қойып, қолдарына су құйып дегендей көбісімен араластыңыз. Өңшең өркешті ақындардың өнегесін өзіңіз ғана сіңірмей, шет-пұшпағын кейінгі толқындарға құлаққағыс етпейсіз бе? Біле жүрсін…
– Ел ағаларының ең басты қасиеті – біреудің жетістігіне, шыққан биігіне бірге қуана білетін. Қашанда қамқорлық танытып, қол ұшын беруді азаматтық парыз санайтын. Бірде Ғафу Қайырбеков телефон шалып, кабинетіне мені шақырды. О кісі «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болатын. Мен сонда поэзия бөлімінің меңгерушісімін. Бардым. Бір егде әйел көзіне жас алып жылап отыр екен.
– Шөмішбай, – деді Ғафекең, – Осы жұрт мені обкомның секретары деп ойлай ма, бәрі маған кеп жағдай айтады. Мына апайды өзім де жыға танымаймын. Он бір баланың анасы екен. Он баласы да оқуға түсе алмапты. Он бірінші баласын жетектеп келіп отыр. Бізден жәрдем сұрайды. Жүр, екеуміз КазГУ-дің проректорына бірге барып қайтайық. Не де болса мына кісінің көңілі үшін бұйымтай айтсақ шапанымызды шешіп алмас…
Сонымен Ғафаң екеуміз КазГУ-дің проректорына кірдік. Мән-жайды түсіндіргесін Ғафекеңнің өтінішін қабыл алып, қоштасар сәтте проректор «Мүмкін болса, Мырзатайды маған шақыра салсаңыз» деді. Редакцияға келісімен Ғафекең оқу министрі Мырзатай Жолдасбековке телефон шалды. Мән-жайды түгел түсіндірді де «Проректор сізді келіп кетсін деп жатыр!» деді. Мырзатай аға телефонның аржағынан «Ғафеке, мен министр басыммен проректорға қалай барам?» деді. Сонда қайран ағам Ғафекең ашуға басып:
– Біреуің былай дейсіңдер, біреуің олай дейсіңдер. Екі ортада мені өлтіретін болдыңдар ғой! – деді. Мырзатай дереу «Жақсы, Ғафеке, түсіндім!» деді. Сәлден соң телефон шыр ете түсті. Проректор екен.
– Ғафеке, мені масқара қылдыңыз ғой. Мен сізге министр Мырзатай Жолдасбековті емес, өзіміздің декан Мырзатай Серғалиевті шақырыңыз дедім ғой.
Аңтарылып ал кеп күлейік. Міне, осының өзінен ақын ағаларымыздың әулиелігі, қамқорлық қасиеті көрініп тұрған жоқ па? О кісілер осынысымен оқшау еді ғой.
Студентпін. Бірде Мұхтар Мағауиннің әкесі ауырып, Семейден Алматыға келді. Мұхтардың бажасы – Жарасқан Әбдірашев «Шөке, Мұхаңның әкесінің көңілін сұрап қайтайық» деген. Бірге бардық. Әкесі ауырып, төсекте бір уыс болып жатыр екен. Мұхаң: «Әке, көңіліңізді сұрап ақын балаларың келді. Мынау өзің білетін Жарасқан!» деді. Ақсақал үнсіз жатты. «Ал мынау Шөмішбай Сариев деген ақын балаң» деді. Селқос жатқан ақсақал жастықтан басын көтеріп «Шөмішбай ма?» деп менің бір өлеңімнің екі шумағын жатқа айтып, өз-өзінен шабыттанып қалды. Мен де ақсақалға ризашылығымды білдірдім.
Кейін Мұхтар Мағауин әкесі қайтыс болғанда ел-жұртқа, әдеби қауымға асын беріп жатып, бір сөздің реті келгенде, әкесінің әдебиетті сүйетіндігін айта келіп:
– Шөмішбайды алғаш таныстырғанда менің әкем оның өлеңін жатқа оқыды, – деп қалды. Сонда өзінің әзілдейтін замандасы Рымғали Нұрғалиев:
– Ой, біз Мағауинді білеміз ғой. Шөмішбай келеді деп, алдын-ала әкесіне өлеңін жаттатып қойған ғой, – деп әзілдеді.
Сөйтіп, университеттің төртінші курсында «Лениншіл жас» газетінде суретіммен өлеңім жарық көрді. Ол кезде «Лениншіл жастың» әдебиет бөлімін Оралхан Бөкеев басқаратын.
Шерхан Мұртаза аға «Жұлдызға» редактор болып келді де, бұрынғы «кәрі» қадрларды босатып, орнына ылғи жастарды алды. Сол кездегі жастар Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Қажығали Мұхаметқалиев, Баққожа Мұқаев және мен. Кейіннен Жарасқан Әбдірашев орналасты. «Ылғи жастарды жинап алды!» деп партия жиналысында Шерханды сынайтын да жататын. Не деп? «Жұлдыз» кілең «Детсадты» жиып алды!» деп кінәлайтын. Бірақ, сол «детсадтың» бәрі де кейін әдебиеттің маңдайалды мамандарына айналды.
– Ол заманда орталық баспасөзде жариялану – жарты патшалықпен парапар еді. Сол сексенінші жылдардың басында тұңғыш рет «Литературная газетада» суретіңізбен бір топ өлеңдеріңіз жарық көргенде қандай әсерде болдыңыз?
– Менен гөрі ағаларым мен замандастарым қатты қуанды. Әуелі Әбіш Кекілбаев телефон соғып «Айналайын, бұл үлкен абырой!» деді. Сәуірбек Бақбергенов «Енді сені ешкім ұстай алмайды. Жолың ашылды. Кеттің, бала!» деді. Ал, Сағат Әшімбаев «Мынау менің досым!» деп баласына көрсетіпті.
Бір қызық айтайын. Кейінірек бір ағам «Литературная газетаның» редакциясына арнайы соғыпты да «Сендердің жариялаған Шөмішбайларың лауреат емес. Мен пәлен-түген сыйлықтардың лауреатымын. Менің өлеңдерім көптен бері тартпаларыңда жатыр, неге баспайсыңдар?» деп реніш білдіріпті. Сонда поэзия алқасының бастығы Георгий Гулия «Біз лауреаттарды баспаймыз, өлеңдерді басамыз!» депті келтесінен.
– Лауреат демекші, Расұл Ғамзатовтың «Жарық жұлдыздар» атты кітабына Лениндік сыйлық берілгенде, сол «Литературная газетаның» тілшісі «Әсіресе қайсы өлеңіңіз сыйлыққа лайық?» деп тосын сұрақ қойған. Оған Расұл ағамыз қысылсын ба? «Екі өлеңімді жоғалттым, сыйлыққа сол өлеңдерім лайық!» депті. Айтайын дегенім, сіздің өлеңдеріңіздің ішінде қай өлең Тарлан сыйлығына лайық деп ойлайсыз?
– Сірә, әлі жазылмаған өлеңдерім шығар?..
– Орыстың ұлы ақыны Владимир Маяковский зауытқа барып, жиналған топтың алдында «Бүгін ақын Маяковскиймен кездесу кеші. Сөз жолдас Маяковскийге беріледі!» деп өзі өлең оқиды екен. Оның жанында біз қайда-а-а… жаңа түскен келіндей сыпайымыз ғой.
Иә, сол Маяковский жетелі сөзді жеті жерден сындырып «Ей, қара аспан, қалпағыңды шешіп тұр, мен келе жатырмын!» деп желпінген ғой. Ондайдан біздің Мұқағалилар да қалыспаған. Сонда бұл тентектік емес, ақындық мінезге жарасатын тектілік емес пе? Өтежан Нұрғалиевтің өзі неге тұрады? Есенғалилар ше? Сіздің де «сыпайылығыңыз» белгілі. Бір өлеңіңізде:
Менен үлкен ақын жоқ!
Менен үлкен ақын жоқ!!
Менен үлкен ақын жоқ!!!
Мен өлеңді жазып жатқан кезімде! – дейсіз. Кеңес өкіметінің кезінде сіз Душанбеде өткен бүкілодақтық жас ақындар фестиваліне қатысып, Тәжік әдебиетінің классигі Мирзо Турсунзадеден Памир тауының бір шыңын сыйлауды сұрапсыз. Сонда Мирзо Турсунзаде «Қазақстаннан келген Жарасқан Әбдірашев пен Шөмішбай Сариевті шығарып саларда самолеттің екі қанатына Памирдің екі шыңын артып жібереміз!» деп жомарттық танытса керек. Орыстар «Нахальство – второе счастье!» дейді. Жарықтық Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов «Өзіңді өзің мақтамасаң өмір бойы мақтау естімей кетуің мүмкін» деуші еді. Расында солай ма?
– Ұлы Бернард Шоуға үш сұрақ қойыпты: «Сіз үшін саясатта, ғылымда, әдебиетте әлемдік ұлы тұлға кім?” – депті. Сонда Бернард Шоу: «Әлемдік ұлы тұлға саясатта – Сталинді, ғылымда – Эйнштейнді, ал әдебиетте айтар едім – сыпайылығым жібермей тұр!» депті. Бұл да сырбаз «нахальствоның» бір түрі ғой.
– Ақындық, батырлық, палуандық тұқым қуаламай ма? Мысалы, Қажымұханның арғы аталары Қара қыпшақ Қобыланды. Сол сияқты Сіздің бабаларыңыздың немесе нағашыларыңыздың қанында ауыздыға сөз бермейтін ағыл-тегіл жыраулық өнері бар ма еді?
– Әкем Нағашыбай жастайынан жетім қалған. Бала кезінен өлең-жырға әуес болған әкеміз кешегі күнге дейін ауыл-ауылдың әнші-жыршысы, термешісі, күйшісі атанған. Әсіресе, «Едіге», «Қыз-Жібек» т.б. дастандарды түнді түнге, таңды таңға ұрып жырлайтын. Біздің елде – екі жүйрік жырау болған. Біріншісі – Мәшір. О кісі сөйлегенде, тұтығып қалатын кекеш. Ал, домбыра ұстап жырлай бастаса алдына жан салмайтын. Екіншісі – біздің әкеміз. Елді мекеніміз – Қамыстыбас, Қосжар, Райым, Мақпал, Шөмішкөл, Ақбай, Көкшекөл т.б. толып жатқан көл болатын да, алдымыз ұлан-ғайыр Арал теңізіне ұласатын. Арал теңізінің кәнігі балықшылары қысты күні көлдерге нөмір салатын, яғни бақылайтын. Сол балықшылар қап-қап сазан, алпамсадай адамның бойынан асатын жайындарды түйеге артып, біздің үйдің қорасына үйіп тастайтын да: «Нәкеңнің жырларын тыңдауға келдік» дейтін. Нәкеңі – біздің әкеміз Нағашыбай.
– Айтпақшы, Шөке, әлгінде бір сөзіңізде «Кеме айдадым!» дедіңіз де әңгімені әрі қарай жалгастырмай қойдыңыз. Әлде бойың кішкентай деп капитанның окуына алмай қойғасын матрос, моряктың оқуын менсінбей қойдыңыз ба? Капитан – газеттің бас редакторы, матрос – соның әдеби қызметкері сияқты нәрсе емес пе?
– Арал теңізінде кеме айдап жүргенде бір күні «Шулыған» деген жерде болдық. Бұл өзі теңіз жағалауынан алыстау, айдында тұрған құзар жартас. Ұшқан құстың орнына бір құс қонып, қонған жері көрінбейді. Нағыз құс базары. Сол маңайдан балық аулап, кемемізді якорьмен бекіткен едік. Түн ортасында теңіз дауылы басталды. Якорьды жұлып кетті. Енді кемені жартасқа ұрып, күл-талқан ететін сыңайы бар. Дауылмен айқасып, ұлы теңіздің ұшанына шықтық. Екі қабат үйдей толқындар кемемізді шым батырып жіберіп, қайта ойнақшып шыға келеді. Бір ғажабы кеме оңайдан-оңай батпайды екен. Каютада басым айналды. Палубаға шығып, қол- аяғыммен арқанды шырмап ұстап, сұлап жаттым. Толқын арқамнан олай да, бұлай да ұрады. Капитан «Басың айналса да қозғалмай, қорықпай, арқаннан мықтап ұстап жат!» деді. Маған қарауға бәрінің де мұршасы жоқ. Сонымен не керек, таң ата жарық дүниені көргендей, жағалауға шықтық-ау. Бір елді-мекен екен. Мен төртінші күні барып есімді жидым. Миымда – теңіз шуылы. Алас ұрған толқын. Жүрейін десем, кәдімгідей жер шайқалады. Сөйтсем, жер емес мен шайқалады екем. Ес жиғаннан кейін білдім. Бұл жер – қазақтың ұлы жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туған жері екен. Құландының елді мекені. Мұны тұрғындар әңгімесінен сездім. «Жақында Әбдіжәміл жазушы басымен әйелі екеуі келіп, әке-шешесіне көмектесіп, біраз кірпіш басып берді» деп әңгімелеп отырды көнекөз қарттар.
Сол теңіз ауруынан кейін Аралдағы ауруханаға түстім. Жазыла бастағанымда, дәрігер болуды армандадым.
Сөйтіп матростың оқуынан шығып, Кызылорда медучилищесіне түстім. Жатақхана алдым. Толған қыздар. Еркек шорадан – он бес шақты жігіт. Кыздар алақанына салады. Біз қыздар десе қашамыз. Бәріміз де он бес, он алтылар шамасындамыз. Мен Мисалиды деген жігітпен бір бөлмеде жаттым. Обком комсомолға барғанда өлең дәптерім қалып қойыпты. Соны іздеп барып едім, әдеміше келген толықша жүзді жігіт: «Мына өлеңдерді өзің жаздың ба?» деді. «Иә, өзім жаздым» дедім. «Онда мен қазір облыстық «Ленин жолы» газетінің сонда мәдениет бөлімін басқаратын Комшабай Сүйінішевке телефон соғайын, ертең соған бар» деді. Әкелдім. Ертеңіне медучилищеде оқитын курстастарымызбен Жалағашқа күріш оруға кеттік. Бір жарым ай күріш ордық. Күндіз жұмыс. Түнге қарай от жағып, қыздар ылғи ән шырқайды. Би билейді. Бір күні бір қыз орысшалап: «Біздің ортамызда ақын бар екен. Суретімен өлеңі шығыпты» деді. Кыздар таласып қарады. Газетті қарасам – өзім. Жүрегім кеудеме симай кетті. Лүпілдеп қоя берді. Сондағы сезімімді тілмен жеткізу қиын. «Сәт сапар» беріпті. Алғы сөзі: «Редакцияға имене басып, он екі де бір гүлі ашылмаған жас бала келді» деп бастап, «Шөмішбай – болашақ дәрігер» деп аяқтапты. Сосын алты-жеті өлеңімді жарялаған.
Бұл «Сәт сапар» маған шуақ шашты. Дәрігер училищесі күріш орудан соң бізді бір ай демалысқа жіберіп, ауылда жүргенімде «Күтіп ал!» деген екі телеграмма алдым. Біріншісін – Кызылорда педагогикалық институтының соңғы курсында оқитын ақын Серік Сейтмағанбетов жіберіпті. Облыс газетіндегі өлеңімді кұттықтап қайтпақшы. Екіншісі – менен бір класс төмен оқыған, Қазалы ауыл-шаруашылық техникумының студенті, жас ақын Жарасқан Әбдірашев. Екеуінің әдейі іздеп келуі – мен үшін үлкен оқиға болды.
Осы кезде Арал қаласынан ақын ұстазым Зейнолла Шүкіров Қызылордаға көшіп кеп, қоныс тепті. Ендігі менің үлкен үйім, көп баратын үйім – Зейнолла ағаның шаңырағы еді. Ақынның шешесі ылғи да жылы жүзбен қарсы алатын. Түнде қатар жатып таң атқанша әңгімелесеміз. Мүгедек адамның арманы – ұланғайыр, теңіздей ұшан теңіз. Мен сол армандарына шомылып, бала жүрегім рахат табатын.
Бір күні Зейнолла ағам: «Сен егер ақын болам десең, Алматыдағы КазГу-дің журналистика факультетіне түс. Мына дәрігерлік училищені қой» деп ақыл-кеңес берді. Сол сөзі көңіліме қонып, бірге оқыған кластастарыммен он бірінші класты бітіріп, КазГУ-ге оқуға келдім. Бірақ бірінші жылы құлап қайттым. Келесі жылы жолым болды.
Диплом жұмысын «Ілияс Омаров – публицист, сыншы» деген тақырыпта үздік қорғап шықтым. Диплом жұмысыммен танысқан академик Зейнолла Кабдолов: «Мына тақырыбыңды дамытып жазсаң, кандидаттық диссертацияңа жол ашылды. Өзім жетекші боламын. Ілияс Омаровтан қорғасаң – Қонаевтан бастап, қаланың жартысы келеді» деп жанашырлық танытты. Сөйтіп жүргенде Ілияс Омаровтың туған нағашысы Көпеш ақсақалдың қызы – Жұмагүл Каженқызына үйлендім. «Қайын жұрттан қорғаған ұят» деген жастық сезіммен, біржола ақындық жолға бет бұрдым.
– Ендігі мақсатыңыз не?
– Өмір болса, ақын достарым туралы, дәм-тұзымыз жарасқан қазақ ақындары туралы творчестволық портреттер жазу ойымда бар. Өмір болса, «XX ғасырдың екінші жартысындағы Казақ лирикасының дамуы» атты монография жазып, докторлық қорғау талабындамын және «XX ғасырдағы қазақ лирикасы» атты антология кұрастыру үстіндемін.
Басты мақсат: Зейнолла Шүкіров, Асқар Тоқмағанбетов, Ғафу Кайырбеков, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Кеңшілік Мырзабеков мұралары туралы, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Олжас Сүлейменов, Кадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаев, Серік Тұрғынбеков, Ұлықбек Есдәулетов, Дәуітәлі Стамбеков шығармашылығы туралы, сыншы-ғалымдар Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Ақселеу Сейдімбеков туралы жазған мақалаларымды дамытып, кітап етіп құрастырсам деген ой бар. Әсіресе, композитор достарым Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Мұрат Кұсайынов, Төлеген Мұхамеджанов, Хасен Қожа-Ахмет, композитор ағаларым Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов туралы, актерлер: Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев, Досқан Жолжақсынов, Әнуар Боранбаев, Мейірман Нұрекеев және «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері Лұқпан Есенов туралы ой-пікірлерімді қағазға түртіп, қорытып жүрмін. «Ән қалай туады?» атты ән өнерінің кұпия-сырлары туралы да жазбақпын, амандық болса…
– Шөке, өлеңдеріңізге жазылған әндерді Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Айжан Тәженова, Нұрлан Өнербаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Майра Мұхамедқызы, Нұрлан Абдуллин, Карина Абдуллина, Гүлмира Ақүрпекова, Бақыт Шадаева, Алтынай Жорабаева, Меруерт Түсіпбаева, Сембек Жұмағалиев, Медеу Арынбаев, Сүлеймен Ибрагимов, Бауыржан Исаевтардың орындауы сіздің ақындық қуатыңызды айғақтай ма?
– Академик Ахмет Жұбанов баспадан шыққалы жатқан жаңа кітабының қаттауын оқып бергенде, кітап редакторы: «Сіздің оқыған қаттауыңыздан бірде-бір қате таппадым. Сауатты екенсіз» депті. Сонда, Ахмет Жұбанов: «Қайдан білейін, қалқам, осы жұрт мені академик деп жүр ғой…» депті. Сол әншілер мен композиторлардың маған көп үйірсектеуіне қарағанда, академик Ахаң айтқандай, қайдан білейін, қалқам, осы жұрт мені ақын деп жүр ғой.
– Ақын мен композиторды ғарышта «стыковка» жасаған «Союз-Апполон» корабліне теңеуге болады. Сіз ән әлемінде, әуен кеңістігінде сазгерлермен әдемі түйісіп, жарасым тауып келесіз. Сол жарасымдылық пен үйлесімге мұрындық боласыз ба?
– Ең басты мәселе композиторлар мен ақынның шығармашылық бірлікте жұмыс істеуінде, бір-біріне деген үлкен ілтифаты, бір-бірін қастерлейтін қасиеті болуға тиіс.
Әрбір өнер адамында өзіндік мінез бар. Мінез – стиль. Сол стиль өзгешелігі мен жарастығы жүптаса келіп, ұжымдық дүние өмірге келеді. Ол – ән-өлең.
Сондай шығармашылық бірлік ең алдымен композитор Кеңес Дүйсекеевтен басталды. Одан Сейдолла Бәйтерековке ұласты. Орыс композиторы Владимир Питерцев пен ұйғыр композиторы Дильмурат Бахармен жалғасты. Жастар жағы тағы бар.
Шәмші ағамыз бір күні телефон соғып: «Шөмішбай, сен маған өлең жазып бермедің, менің мысым басты ғой деймін. Енді мына баламның әніне өлең жазшы. Бірақ, баламның әніне өзім де түсінбеймін. Бірақ, жаз!» деді. Мен әуенге «Түнгі Алматы» деген мәтін жаздым. Оны Роза Рымбаева орындады…
Шәмші аға дегеннен есіме түсіп отыр. Шәкең туралы түртінектеп мақала жазып жүргем. Күнде үйіне барамын. Есігі ылғи да ашық тұратын. Бір күні кіріп барсам, жеңгеміз екеуі қатты ұрысып жатыр екен. Мен қайта шығып, ұрыстарын тоқтатсын деп, есікті қақтым. Төрде ашулы жеңгеміз отыр. Шәкең қалбалақтаған мінезімен ашуын басар емес. Әңгімеміз келісе қоймады. Сонда сөзге тапқыр Шәмші аға:
– Шөмішбай, айналайын, менің барлық уақытым мынаумен өтеді, – деп пианино тілдерін қатты басып-басып қалды, – содан соң ішіп кетемін. Сол екеуінің арасында бір минут уақытым болса, мына жеңгеңмен ұрысамын, – деді. Жеңгеміз күліп жіберді. «Сендерге дауа жоқ» деп, шайын дайындап, жақсы, жарқын күйге көштік.
– Қазіргі әндердің бір-бірімен ұқсастығы туралы не айтасыз?
– Бұл жөнінде айтар сөз аз емес. Ұқсастық дегеннен бір жай есіме түсіп отыр. Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевтың «Жұлдыз» журналына мақаласын ұйымдастырғам. Бір барғанда түскі ауқатқа шақырды. Қарауындағы бүкіл хатшыларға көз қиығын салды да композитор досым Кеңес Дүйсекеевке қарата бір әңгіме айтты:
– Мен мысалы, баяндама жасауым керек болады. Екінші хатшыма тақырыбын айтып тапсырма берем. Ол идеология секретарына міндеттейді. Идеология секретары бөлім меңгерушісіне жүктейді. Бөлім меңгерушісі нұсқаушысына қарай сырғытады. Ол болса әр жерден алып-жұлып, өйтіп-бүйтіп баяндаманы құрастырады да, бөлім меңгерушісіне әкеледі. Бөлім меңгерушісі өзінше қосып, идеология секретарына, ол дүмбілез дүниені дайындағансып үстелімнің үстіне қояды. Мен болсам, елдің алдында құрау-құрау, қан-сөлсіз баяндаманы оқып тұрам. Мұны айтқан себебім, кейбір әндерді радио-теледидардан тыңдағанда менің қырық құрау, жетпіс жамау баяндамам есіме түседі, – деп еді. Бұл сұрағыңа Әбекеңнің сөзімен жауап бердім ғой деп ойлаймын.
… Саяжайда сауал таусыла ма? Әр тақырыпта әжік-күжік әңгімелесіп біткесін өмір мен өлең туралы өзімше ойға шомдыім. «Өмір сүруді – өмірдің өзінен іздеу керек» дейді Драйзер. – Қалай? Өмірде бәрі тепе-тең. Ақ-қара, бар-жоқ, жақсылық- жамандық, қуаныш-қайғы… Жасаған жақсылығың да, істеген зұлымдығың да алдыңнан шығатыны ақиқат. Бірақ біз оны кеш аңғарамыз. Өкінеміз. Одан не пайда? «Өткенге өкінбе – қайтып келмейді. Алда не болатынын Алла біледі. Дәл бүгінгі сәтті тірлігің ертеңгі күнгі бақытқа апаратын баспалдақ» дейді қариялар. Ал, Поль Брэгт «Ең жақсы күн – бүгін» дейді. Аңғарған кісіге астары қалың пәлсафа.
Жұмыр басты пенденің бойындағы ізгілік пен зұлымдық секілді екі күш ғүмыр бойы белдесетіні шариғи шындық. Күш қай жағында?
Зұлымдық, пен мейірім жеңісе алмай
Жұмыр жер бара жатыр шырқ айналып.
Азаматтық пафос. Шөмішбайдың сарыны солай. Әлемдік деңгейден қараған ақындық көзқарас. Парасат-пайымның өлшемі. «Бізде бәрі ғажайып!» деп өмірді өтірік жырлауға ақынның ары жібере ме? Жоқ! Ар – ақынның кедені. Ендеше, кеденде кедергі көп. Кедергінің бірі – ақиқат. Ақын одан аттай алмайды.
Өртеніп, өрт қайғыдан шаңы шығып,
Жұлдыз боп жымыңдайды алыс үміт…
От тиген етегіне анадайын
Жұмыр жер бара жатыр жан ұшырып…
Бұл – Шөмішбайдың бүгінгі күнгі поэзиясының темірқазығы. Ал, бұдан қырық жыл бұрын жиырма жастағы балаң ақынның бота тірсек шумақтарына көз жүгіртсеңіз азаматтық пафостың алғашқы іргетасын сол кезде-ақ қалап қойғанына куә боласыз.
Озбау үшін көлеңкем
Күнге қарай жүремін! – деуі биіктіктің белгісі.
… Шөмішбай ағаның саяжайынан қырға шығып ойпаңдағы бау-бақшасына назар аудардым. Алма, жүзім, алмұрт, өрік, шие, қарақат секілді алуан-алуан жеміс ағаштары бүр жарып, біразы гүлдей бастапты. Ақын да – бағбан, ал оның шығармасы алуан түрлі миуа ағаштары емес пе?
Шөмішбай аға жолбарыстың жон арқасындай алашұбар Алатауға алыстан көз тастады да: «Қарзір жаздым, тыңдашы!» деп ырғатылып өлең оқи жөнелді. Бұл оның нешінші лирикасы екенін қайдам, бірақ бүгін еккен алпысыншы ағашын жібек жел тербеп тұр екен.
Сұхбаттасқан Көпен ӘМІР-БЕК