Мектеп оқушыларының арасында темекіге тәуелділік көбейген

13

Заман талабы, жаңа ғасыр, ел болашағы жастардың қолында деген сайын шектен шығып бара жатқан жоқпыз ба осы? Бізді бүгінгі күні үлкен өзгерістер заманында өмір сүріп жатқанымыз шынымен де алаңдатады. Себебі көшеде емін-еркін электронды темекіні бұрқыратып жүрген оқушыларды көргенде жағаңды ұстайсың. Темекі шегу мектеп оқушылары арасында денсаулыққа үлкен қауіп төндіретін зиянды әдеттердің бірі. Оның адам ағзасына теріс әсері тек денсаулықты нашарлатумен шектелмейді, сонымен қатар оқу үлгерімі мен жалпы дамуға кері әсерін тигізеді. Осы тұста, Түркістан қаласында шылым шегу мен алкогольден арылу бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, Түркістан қаласының тұрғындарының назарына аталмыш бағытта елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.

Темекінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын үнемі өткізу – бұл ең тиімді шаралардың бірі. Оқушыларға темекі шегудің ұзақ мерзімді зиянды әсерлері, мысалы, өкпе аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары, және өмір сүру ұзақтығын қысқарту сияқты мәселелерді жан-жақты түсіндіру керек. Оқу бағдарламасына темекіге қарсы білім беруді енгізу арқылы, жасөспірімдер ерте жастан бастап салауатты өмір салтын таңдаудың маңыздылығын түсінеді. Ата-аналардың темекіге қарсы тәрбие беруі де үлкен маңызға ие. Жасөспірімдер көбіне ата-аналарының әдеттерін қабылдайды, сондықтан отбасында темекіге қарсы дұрыс көзқарас қалыптасуы керек. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлесіп, оларды темекіге үйренуден алдын алу үшін қолдау көрсетуі қажет. Үнемі балаға көңіл бөлу, оның айналасындағы әлеуметтік ортаны бақылау, темекіге әуестенетін достармен байланысын шектеу маңызды.

Еліміздегі статистикаға сүйенсек, жасөспірімдердің арасында, оның ішінде 12-16 жас аралығындағы балалардың электронды темекіге деген әуестігі жоғары. Ұлдардың арасында қызғыш темекіні тұтынушылар көрсеткіші 14 пайыз болса, қыздар 6 пайызды құрайды екен. Бұл бірнеше ай бұрын жүргізілген мониторинг жұмыстарының көрсеткіші болса, қазіргі таңда күннен-күнге әуестігі жоғарылаған оқушылардың нақты санын ешкім біліп те жатқан жоқ. Мектеп әкімшілігі оқушыларды бақылап, олардың темекі шегуге әуестігін анықтау үшін шаралар қабылдауы қажет. Мектеп ішінде темекі шегуге тыйым салуды қатаң қадағалап, темекі шегетін оқушылармен жеке жұмыс істеу керек. Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің оқушылармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың психологиялық және эмоционалдық қажеттіліктеріне назар аударғаны маңызды.

Жастар тілімен вейп, айкос, гло деп аталатын электронды темекіге құмарлығы қалыптасқан жағдайда, оның салдары түрлі нәрсеге душар етуі мүмкін. Біріншіден, дүкендегі электронды темекілердің ең арзаны 10-12 мың теңгеден басталады.Оған мектеп оқушылары қаражатты қайдан табады деген сауал туындауы хақ. Тәуелділіктің кесірінен ұрлыққа, сотқарлыққа, өмірін өтірікпен ластауға әкеліп соқтырады. Екіншіден, тәуелді болып қалған жағдайда одан арылудың жолы өте қиын екенін түсінбейді. Психолог мамандардың айтуынша, никотинге тәуелділіктен арылғысы келетін адамдарға шыдамдылық таныту маңызды. Себебі, бұл – өте ұзақ процесс, тіпті, жүйке-жүйе сыр беруі де мүмкін.

Дүниежүзін жаулаған электронды темекінің шоқтары біздің елімізге де келіп жетіп, қазір мектеп оқушыларының арасында өзекті мәселеге айналуда. Адам өз-өзін алдауы үшін темекінің қай түрін қолданса да, олардың негізгі компоненті – тәуелділік тудыратын күшті психобелсенді сипатқа ие никотин. Никотиннің зияндылығына тоқталатын болсақ, адам ағзасын өте қатты улайтын темекінің ең маңызды қоспаларының бірі. Қосымша формальдегид, смола және улы газ, күшәла (мышьяк), сионид, полоний, қорғасын мен висмут сынды қоспалар никотин зиянын күшейткен үстіне күшейте береді. Ал электронды темекінің зияны жоқ деушілерге, қарапайым электронды темекіні қолданатын жандарда да тәуелділік пайда болады. Өйткені ағзаға бәрібір де никотин түседі. Сондықтан ондай адамдар өз-өзін алдап, электронды шылымға тәуелділіктерін жасырып жатады. Осылайша, электронды темекіге тәуелділік кейін шынайы шылым шегуге апарады. Сондықтан қазіргі таңда темекінің зияндылығын түсіну, оның алдын алу, оқушылардың тәртібін қадағалау үлкен маңызға ие.

Мамандар вейптардың талапқа сәйкестігі тексерілмейтінін, өндірушілер білгенін істеп жатқанын айтады. Қауіпсіздігі ингредиенттердің сапасына байланысты. Кейбір өндірушілер жоғары тазартылған никотинді және премиум сертификатталған хош иістерді пайдаланса, ал басқалары үнемдеп, құрамын сапасыз қоспалардан жасауы мүмкін, мұндай құрылғыларды пайдалану қауіпті. Пропиленгликольді үнемі қолдану аллергиялық реакциялардың пайда болуына, өкпенің созылмалы ауруларына және иіс сезудің жоғалуына әкелуі мүмкін. Электрондық темекіде буланатын глицерин бар. Бумен тыныс алғанда, адамның аузы құрғап, жөтел қысып, тамақ пен өкпеде қабыну процесі болуы мүмкін. Темекінің классикалық нұсқасында көпшілікке таныс никотин вейптерде де бар, ал тәуелділік тудырады. Ғылыми деректер бойынша 70-80 пайызы осы электронды темекіні қолданатын адамдар қатерлі ісікке, онкологиялық ауруларға шалдығады. Бұған қоса синтетикалық заттардың оқушылардың әуестенуіне әсер ететін бірден-бір фактор қоғамдық орындарда, көліктерде шылым шегетін жандарды көп көруі. Олардың психологиясында шылым шеккен адам сондай бір мықты болып көрінеді. Одан бөлек бейнежазбалар, кино, сериалдарда кейіпкерлердің түтін шығарғаны оларды еліктірмей қоймайды. Әрі тағы бір парадокс, оқушыларда «Жоқ, болмайды» деген дүниені олар қызығып істейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қан айналым жүйесі ауруларын: жүректің ишимиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Бұған қоса ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Десе де әлеуметтік желіде де әлеуеттің әлегіне айналып, әбден жарнамаланған вейп, айкостар қолжетімді бағада сатылады. Мәселен, әрбір бөлшек сауда дүкенінде бір вейптің бағасы 2 мың теңгеден аспайды.

Сонымен қатар, мемлекет пен қоғам тарапынан да темекі шегуге қарсы насихат жұмыстарын күшейту қажет. Жасөспірімдерге арналған темекіге қарсы жарнамалар, әлеуметтік желілердегі арнайы жобалар, қоғамдық ұйымдардың қатысуы арқылы жастарды темекі шегуден қорғауға болады. Сондай-ақ, темекі өнімдеріне қатаң бақылау орнатып, жасөспірімдерге сатуға тыйым салу мәселелеріне баса назар аудару маңызды. Мектеп оқушыларының темекіге әуестігін жою кешенді және тұрақты шараларды талап етеді. Оқу-ағарту жұмыстары, отбасылық қолдау, мектеп деңгейіндегі бақылау, спорттық шаралар және мемлекеттік қолдау жасөспірімдердің темекі шегуге деген қызығушылығын азайтуға көмектеседі. Жастардың денсаулығын қорғау – болашақ ұрпақтың амандығын қамтамасыз етудің басты қадамы.