ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

281

Түлкібас ауданына қарасты Абайыл ауылының жастары биылғы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастайды. Аудандағы шалғай елді мекендердің бірі саналатын ауылда мектеп өзекті мәселенің бірі болып келген-ді. Биыл міне облыс әкімінің тікелей қолдауымен бой көтерген заманауи жаңа 100 балаға шақталған мектеп пайдалануға берілді.

Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, ауданымыздың құрметті азаматы Қасымбеков Нұрлыбай Тұңғышбайұлының атындағы білім ордасының жаңа ғимаратының ашылу салтанатты шарасы өтті.

ҚР Конституциясы күніне орайластырылған шараға жерлесіміз Абайтанушы, Бауыржантанушы филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұрлан Құдиярұлы, аудан әкімі Нұрлан Байғұт, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы, Қажы, Сарыағаш ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов және т.б. еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен Қасымбековтар әулиеті қатысты.

Қасымбеков Нұрлыбай Тұңғышбайұлы-1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1937 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, Алматы теміржол техникумына оқуға түседі. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда оқуын аяқтамай майданға аттанады.Фашист басқыншыларын азат ету жолындағы кескілескен ұрыста үлкен ерлікпен шайқасып, екі рет ауыр жарақат алады. Госпитальда емделіп шыққаннан соң 1944 жылы Камышинск командирлік әскери училищесіне оқуға түседі. Соғыс аяқталғаннан соң 1946 жылы оқуын бітіріп, елге оралып өзінің ауылы Түлкібас ауданының Абайыл станциясындағы мектепке мұғалім, содан соң директор болып 45 жыл қызмет атқарады.

Жиында келген қонақтар ауданымызға ғана емес бүкіл елімізге еңбек сіңірген Нұрлыбай Тұңғышбайұлының ұрпақтарына құттықтауларын жеткізіп, бүгінгі шараның өскелең ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

Мерекелік жиын барысында мектеп алдынан соғыс ардагері, ұлағатты ұстаздың 100 жылдық мерейтойына арналған бюст ашылып, тағзым етілді.

Келген қонақтар жаңа мектептің ашылу салтанатына куә болып, аудан өнерпаздарының орындауындағы концерттік бағдарламаны тамашалады.

Айта кетерлік, Қасымбеков Нұрлыбай атамыздың ұрпақтары аталмыш жаңа білім ордасының компьютер сыныбын толық жабдықтап, мектеп кіреберісін аббатандыруға және мектеп ауласына спорт алаңшасының бой көтеруіне демеушілік жасап отыр.

Сонымен қатар, мерекелік шара барысында келеген қонақтар ауыл ішінде орналасқан соғыс ардагерлері ескерткішіне арнайы ат басын бұрып, осы ауылдан соғысқа аттанған жандардың әруақтарына тағзым етіп, құран бағыштады.