Әлеуметтік масылдықтан қайтсек арыламыз?

62

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына әлеуметтік масылдық жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты, қоғамда. Бұл әсіресе, бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Яғни, адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды. Адамды да тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыла аламыз?

Оны әлеуметтік проблемалардың ішіндегі ең қауіптісі деп есептейді әлеуметтанушылар. Әлеуметтік масылдық халыққа да, тұтас елге де опа бермейді. Адамды кедейлікке, қоғамды деградацияға апаратын «төте жол». Әу бастағы түсінік бойынша қалыпты әлеуметтік масылдылық жұмысқа қабілетсіз, мүгедек, қарт, асыраушысы жоқ отбасы және кәмелет жасына толмаған адамдарды өмір сүруге керекті дүниелермен қамтамасыз ету. Дегенмен, бүгінгі күні қалыптан тыс әлеуметтік масылдылық деп, денсаулығы жақсы, еңбекке қабілетті адамдардың саналы түрде өзінің күшін, мүмкіндігін пайдаланбай, өзге адамның немесе тұтас қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылуын айтамыз. Әлбетте бұл бір күнде пайда болғандүние емес. Бұл ретте зерттеушілер әлеуметтік масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге ауысу адам бойында «түсініксіз қасиеттердің» пайда болуына алып келді деп санайды.

Оның пайда болуы мемлекеттік саясат пен қоғамның санасына тікелей байланысты. Қазақстанда әлеуметтік масылдылықтың таралуына КСРО-ның әлеуметтік жүйесі әсер етті. Кеңестік әлеуметтік жүйеде адамдардың басым бөлігі универсалды жалпыға ортақ өмір сүру стратегиясын ұстанды. Әр адамның әлауқаты өзінің еңбекқорлығына, жұмысты көп істеуіне байланысты болмады. Яғни, адамдардың барлығы бірдей жалақы алды және жалақы өндірістің экономикалық тиімділігіне, өнімнің бағасына, жеткізілу құнына, шығынына байланысты есептеліп берілген жоқ. Адам белгілі бір салада жұмысты жақсы, орташа немесе нашар істесе де жалақының көлемі бірдей болды. Адамның тиімді еңбек етуіне және оны ынталандыруға көңіл бөлінген жоқ. Кейін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде шынайы еңбек етуге тиіс адам түрлі себепті сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алды. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта бұл тіпті, асқынып кетті.