Қазақстанда темекіге қарсы күреc қарқынды жүргізілуде

43

Қазақстанда темекі шегуге қарсы күрес – қоғамдық денсаулықты сақтау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында мемлекет жүргізіп отырған маңызды шаралардың бірі. Бұл күрес көптеген бағыттарда жүзеге асырылады және темекі өнімдерін тұтынуды шектеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады. Осы мәселенің маңыздылығын Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.

Қазақстанда темекіге қарсы күрестің негізгі құралы – заңнамалық шаралар. 2009 жылы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде темекі шегуді шектеу туралы маңызды нормалар енгізілді. Бұл заңнама бойынша қоғамдық орындарда, мектептерде, ауруханаларда, әуежайларда, қоғамдық көлікте және басқа да жабық ғимараттарда темекі шегуге тыйым салынады. Сондай-ақ, 2020 жылы қабылданған өзгерістер темекі өнімдерін ашық түрде сатуға, оларды жарнамалауға және демеушілікке алуға қатаң шектеулер енгізді. Қазақстан үкіметі темекі өнімдеріне жоғары акциздер енгізу арқылы темекі тұтынуды шектеуді көздейді. 2024 жылы темекіге салынатын акциз мөлшері тағы да ұлғайтылды, бұл темекі өнімдерінің бағасын айтарлықтай арттырады. Мұндай шаралар темекіге қолжетімділікті азайтып, әсіресе жастар мен төмен кірісті тұрғындар арасында оның тұтынуын төмендетуге бағытталған.

Мемлекет басшысы 19 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын 2024 жылдың 20 маусымынан бастап темекі шегуге болмайтын, темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға және таратуға сондай-ақ, оларды жарнамалауға тыйым салу күшіне енеді. Сенат депутаттары палатаның 2024 жылғы 14 наурыздағы жалпы отырысында вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Қазақстанға вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салу туралы айтты. Оның айтуынша, вейпинг балалар мен жастардың денсаулығына, демек, ұлтымыздың болашағына үлкен зиян келтіреді деген болатын.

Соған қарамастан күрес әлдеқашан қолға алынды және жалғасуда. Мәселен, темекі дақылдарының өсуін қысқартатын негіздемелік конвенция бар, арнайы қоғамдық ұйымдарға бюджеттен ақша да бөлінеді.Мәселен, осыдан он жыл бұрын алкоголь мен шылымға қарсы шаралар үшін 200 миллион қаржы қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, осыншама сома темекінің зиянын хабарлау, оның алдын алу, қоғамдық орындарда темекіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. 2024 жылы шылым шегудің алдын алу бойынша 4 әлеуметтік тапсырыс орналастырған. Дәл осы жылы 61 үкіметтік емес ұйым жалпы бағасы 185 миллион теңгеден асатын 115 жобаны жүзеге асырған.

Сонымен қатар, қоғамдық денсаулықты қорғау мақсатында Қазақстанда темекіге қарсы ақпараттық және профилактикалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Халық арасында темекі шегудің зияны туралы ақпарат тарату, мектептерде арнайы дәрістер мен іс-шаралар ұйымдастыру, темекі шегуден бас тарту үшін психологиялық қолдау көрсету секілді шаралар қолға алынған. Бұған қоса, 2024 жылдан бастап Қазақстанда электронды темекілер мен вейптерге де шектеулер енгізілді, өйткені олар да денсаулыққа зиянды саналады. Қазақстан темекіге қарсы күресте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарын негізге алады. Бұл ұсыныстардың қатарында темекі өнімдеріне қатысты қатаң заңдар қабылдау, салық саясатын өзгерту және профилактикалық шараларды кеңейту бар. Сонымен қатар, Қазақстан темекіге қарсы күрестің халықаралық стандарттарын енгізіп, шетелдік тәжірибені қолдана отырып, ұлттық саясатты жетілдіруде.

Сондықтан шылымсыз қоғам құру денсаулықты қорғау мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы болып табылады. Мұндай қоғамды қалыптастыру үшін бірнеше тиімді жолдарды қарастыру қажет. Темекінің зиянын түсіндіру және оның салдары туралы халықты ақпараттандыру – шылымсыз қоғам құрудың алғашқы қадамдарының бірі. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында темекі шегудің зияны туралы дәрістер, семинарлар мен тренингтер өткізу керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде темекі шегудің денсаулыққа кері әсерлері туралы ақпараттық науқандар ұйымдастыру тиімді.

Айта кетейік, жасөспірімдер мен жастар – темекі шегуді бастауға бейім топтардың бірі. Сондықтан мектептер мен университеттерде денсаулық мәдениетін насихаттайтын арнайы бағдарламалар енгізу маңызды. Спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын шаралар да жастар арасындағы темекі шегуді төмендетуге көмектеседі. Темекі өнімдеріне бағаны көтеру, оларды жарнамалауға және сатуға қатаң шектеулер енгізу шылымсыз қоғам құруға ықпал етеді. Көптеген елдерде темекі өнімдерін сату орындары мен уақытын реттейтін заңдар қабылданған, сондай-ақ қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Қазақстанда да қоғамдық орындарда, көліктерде, жұмыс орындарында темекі шегуге заңнамалық шектеулер енгізу маңызды рөл атқарады.

Темекіге қарсы шаралардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанда темекі шегушілер санының біртіндеп төмендегені байқалады. Дегенмен, бұл мәселе әлі де өзекті болып қалуда. Алдағы жылдары темекіге қарсы күресті күшейту және жаңа технологияларды пайдалану арқылы профилактикалық жұмыстарды жақсарту жоспарланып отыр. Қазақстанның темекіге қарсы күресі – денсаулық сақтау саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Осы бағыттағы жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.