“ТҮРКІСТАНДЫ КӨРГІМ КЕЛМЕЙДІ…”

467

Масқара! Мұндай да болуы мүмкін бе? Ешкім естімесін! Ойпырмай-ай, Түркістанды кімнің көргісі келмейді дейсіз?.. Тек, иманы жоқ, құдайынан безген безбүйрек біреу болмаса… Құт қонып, қасиет дарыған мекенді көру, зиярат ету көптің аоманы. Түрленген Түркістан соңғы жылдары тіптен ажарланып жатыр. Рас. Түбі бір түркі елі тәу еткен Түркістанды мұсылман халқының бәрі де көруге ынтық. Әзірет Сұлтанға Орта Азия жұртының ықыласы тіпті айрықша. Жақында Түркістан облысының әкімдігі қоғамдық даму басқармасы мен “Түркістан медиа” ұжымы орайын тауып, ”Түркістанды көргім келеді” атты әлеуметтік байқау ұйымдастырды. Оған шет елдерден көп үміткер қатысты. Түркістанға әлем назарын аударған сәтті жоба болды. Түркістан туралы жақсы жаңалық естісем жаным жадырап қалады. Жалғасын тапқай! Рахмет саған, Түркістан! Тәптіштеп несін айтайын?.. Жанахмет Ағыбай жанын сап (ұжым боп) жүгірген игілікті жоба жайлы баспасөз мәлімдемесінде бәрі баяндалды:

«ТҮРКІСТАНДЫ КӨРГІМ КЕЛЕДІ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Түркістанды көргім келеді» жобасының финалистерінің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәслихатында «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің Бас директоры Ж.Ағыбаев жобаның мақсаты мен маңыздылығын айтты.

– Жобаның мақсаты — алыс-жақын шет елдердегі азаматтарға, өзге өңірлердегі қазақстандықтарға көне Түркістан мен жаңа Түркістанның келбетін көрсету. Ұлы даламыздың тарихымен таныстыру. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен Түркістанды көргісі келетін азаматтар арасында сайыс ұйымдастыру арқылы тарихы терең қалаға саяхат жасау, – дейді Жанахмет Жәнібекұлы

Жанахмет Ағыбаевтың айтуынша, бұл жоба қаланы барынша танытуға күш салған. Республика аумағынан өзге шет елдерге де туристік жағынан дамытуға өз септігін тигізген. Бұл жобаны жыл сайын өткізу жоспарланбақ.

Брифинг барысында жобаға Түркия елінен қатысқан Рахымжан Қалдыкөз өз әсерімен бөлісті.

– Осы жобаны ұйымдастырушыларға, өңір әкімшілігіне үлкен алғысымды айтқым келеді. Түркістанға 10 жыл алдын бала кезімде келген едім. Араға уақыт салып, жобаға қатысу арқылы Түркістанға келу мүмкіндігіне ие болдым. Жаңарған, қарқынды дамыған Түркістанды көріп көз тоймас ерекше әсер алдым. Түркістан аз ғана уақыттың ішінде катты дамыған, — деді Р.Қалдыкөз.

Ал Өзбекстан елінен қатысушы Фурхатжон Бегматов, Түркістан тұрғындарының қонақжайлығын ерекше атап өтіп, жобаның ұнағанын жеткізді.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Алмат Игілік «жоба жалғасын тапса екен» деген ұсынысын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Айта кетейік, жобаның ақтық кезеңіне 5 финалист өткен. Олар:

  1. Рақымжан Қалдыкөз (Түркия, Анкара қаласы);
  2. Алмат Игілік (Нұрсұлтан қаласы);
  3. Фурхатжон Бегматов (Өзбекстан Республикасы);
  4. Мақжан Болатбекұлы (Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылы);
  5. Гульнар Разуанова (Ақтау қаласы).

Еске салсақ, жобаға өтінім беру осы жылдың 14 маусымында басталып 10 шілдеге дейін жалғасты. Ал 10 шілде күні 21:00-де өтінім беру тоқтатылып, 12 шілдеде дауыс беру кезеңі басталды. Дауыс беру ашық форматта өтіп, 31 шілде күні аяқталды. Осы ретте 3 кезеңнен тұратын (іріктеу кезеңі, Түркістанға саяхат, финалистерді марапаттау) жобаға 100-ге жуық өтінім келді. Қазақстаннан бөлек, Бельгия, Өзбекстан, Түркия елдерінен үміткерлер қатысты.

Ерсұлтан Әмірбек, журналист