ШЫМКЕНТТЕ СУРЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН АРТ-КЕҢІСТІК АШЫЛДЫ

555

Шымкентте 19 маусым – Қала күніне орай, Орталық саябақта арт-кеңістігі ашылды. Нысан сурет салу өнерінен сыр шертіп, қала тұрғындары арасында шағырмашылық кластерінің дамуына ықпал етеді. Арнайы кеңістіктің жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов мұндай орындар қалаға аса қажет екенін айтты.

 

–Суретшілер өз туындысын осы арт-кеңістігі арқылы қала тұрғындарына ұсына алады. Бұл қоғамдық орындарды жаңғырту мен қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастырудың бір түрі. Бүгінгі галерея тек бастамасы ғана. Біз алдағы уақытта үлкен орталық ашу үшін жоба жасап жатырмыз. Онда суретшілер мен қолөнер шеберлері бір орталыққа ұйысып, ұлттық өнеріміздің жаңғыруына, өскелең ұрпаққа ұлттық өнерімізді дәріптеуге қызмет ететін орынға айналады, — деді қала әкімі.

 

Шабыт пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын арт-кеңістікте суретшілердің жаңа туындылары қойылған. Қылқалам шеберлері арнайы кеңістіктің ашылуы Қазақстан Суретшілер Одағының 90 жылдығына тұспа-тұс келгеніне қуанышты.

 

–Бүгін қала әкімдігі саябақ жанынан арт-кеңістігін жасақтап, шымкенттік суретшілерге сыйға тартып отыр. Мұндай мерейлі сәт Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойымен қатар келгеніне өте қуаныштымыз. Жалпы, қаламызда 5 жыл алдын 20 суретші болса, бүгінде олардың саны 30-ға жетіпті. Қылқалам шеберлері осы орынға келіп, халыққа өз туындыларын таныстыруға және сатуына болады. Бүгін таңнан бері саябаққа келушілер суреттерді тамашалап, суретшілерге қызықтырған сұрағын қойып, жылы сұхбат құруда. Тұрғындардың өнерімізге деген қызығушылығы қатты таңқалдырды. Арт-кеңістік суретшілерді халыққа бір табан жақындатты, — деді Қазақстан Суретшілер одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметов.

 

Арт-кеңістікке жас дарындылардың өнері де қойылған. Бүгінгі ашылу салтанатында өз туындысын ұсынған 12 жастағы Аделя Шымкенттің көрікті жерлерін қылқаламы арқылы суреттеген.

 

– Шымкенттің көрікті жерлерін, әсем табиғатын суреттегенді ұнатамын. Бүгінгі көрмеде «Дендросаябақ» атты өз туындымды ұсындым. Алдағы күндері өзге туындыларымды осы көрмеге қоюды жоспарлап отырмын, — дейді жас суретші.

Арт-кеңістікте жас суретшілерге шеберлік сабақтары да ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, бұл орын қаламыздағы жаңа таланттарды ашып, әрбір суретшінің өзін таныта алатын тамаша орынға айналады. Көрме барлығына ашық!