АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН НЕГІЗСІЗ ҚЫМБАТТАТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ ЖӘНЕ ЖАС КӘСІПКЕР 60-ҚА ЖУЫҚ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

188

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Құзырлы мекеме мамандарымен жасақталған комиссия  жыл басынан бері  63 отырыс өткізіп, 40-тан астам құқық бұзушылық фактілерін анықтаған. Аталған құқық бұзушылықтар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер толығымен жойылды. Кәсіпкерлік субъектілерге хронометраждық зерттеу жүргізіліп,11 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ базар және сауда желілерімен – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу, бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, саудагерлердің нарықта сөз байласуына, заңсыз табыс табуына  жол берілмейді. Бүгінде комиссия мүшелері өз жұмысын  жалғастыруда.

 

Президент Қасым Жомарт Тоқаев, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келетініне тоқталып, үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн деді.

«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек,  жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінгенінде жеткізген.

Осы орайда, қалалық жастар орталығы жастарды кәсіп ашуға баулу мен ынталандыру мақсатында  «Жас кәсіпкермен сұқбат» айдарын қолға алған.

Біздің  кезекті кейіпкеріміз — Маметин Исабаев. Ол – «NAPPА» атауымен танылған, табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім өндіреді. Кәсібін дөңгелетіп отырғанына 5 жылдан асқан кәсіпкер, осы жыл аралығында 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған.

-Қолданыстағы тауарларға қашанда сұраныс көп. Осы мақсатта, мен аяқ киім өндірісін қолға алдым. Бүгінде өндіріс орнымның ауқымы кеңейіп, жұмысым күннен-күнге ілгерілеп келеді. Кәсіп бастау ниетінде жүрген жастарға айтарым, тәуекелшіл бола білу қажет дер едім, — деді жас кәсіпкер Маметин.